Қазақстанда қылмыстың алдын алуға басымдық берілуде

Фото: Life09

Елімізде жаңа Конституция қабылданғаннан кейін құқық қорғау органдарының жұмыс тәсілдері де өзгеріп жатыр. Енді негізгі міндет – қылмыс жасалғаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алу.

Осы мақсатта Қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы құрылды. Орталық тәулік бойы криминогендік ахуалды талдап, қауіпті аймақтарды анықтап, олардың алдын алу шараларын әзірлейді.

Жасанды интеллект пен ұшқышсыз технологиялардың көмегімен азаматтарға қауіп төнуі мүмкін 360-тан астам локация анықталған. Бұл жерлерде полиция патрулі күшейтіліп, 4 мыңға жуық жарықтандыру нүктесі мен 3,5 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде биылғы бірінші жартыжылдықта елдегі қылмыс деңгейі 11%-ға төмендеді.

Сонымен қатар «Кибернадзор» жүйесі есірткіге қатысты 10 мың материалды бұғаттады. Интернет-алаяқтық та 9%-ға азайған.

Құқық қорғау органдарының басты мақсаты – қауіптің қылмысқа айналуын күтпей, оны алдын ала анықтап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Бұл – Конституциядағы «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырудың негізгі бағыттарының бірі.