Шыңғыс Сүйінбаев Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

Фото: Gov.kz

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов басқа жұмысқа ауысуына байланысты атқаратын қызметінен босатылды. Оның орнына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен Шыңғыс Сүйінбаев тағайындалды.

— Оның тәжірибелік білімі мен кәсіби дағдылары облыс әкімінің орынбасары қызметінде өз әлеуетін толыққанды жүзеге асыруына септігін тигізетініне сенімдімін, — деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Шыңғыс Сүйінбаев еңбек жолын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің «ҚазМетрИн» РМК жанындағы «Қазақстан салыстырып тексеру қызметі» ЕМК Алматы филиалында 1-санатты маман болып бастаған. Кейін тексеру зертханасының меңгерушісі қызметін атқарды.

Әр жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінде, кейін ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінде басшылық қызметтер атқарды.

2022–2023 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.

2023 жылғы қараша айынан бастап бүгінгі тағайындауына дейін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Дереккөз: Gov.kz