Қарағанды облысының шығармашылық ұжымдары Өзбекстан мен Ресейдің театр сахналарында өнер көрсетіп, өңірдің мәдени әлеуетін таныстырды. Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры Ташкентте гастрольдік сапармен болса, Теміртау балалар мен жасөспірімдер театры Абаканда өткен «Театральная осень» фестиваліне қатысты.

Қарағандылық өнерпаздар Өзбекстанның Мемлекеттік музыкалық комедия (оперетта) театрының сахнасында өнер көрсетті. Музыкалық комедия театрының жетекші солистері, хор және балет әртістері, оркестр музыканттарынан құралған үлкен шығармашылық ұжым Ташкент көрерменіне «Кішкентай Мук» музыкалық ертегісін және «Венадан Бродвейге дейін» атты гала-концертін ұсынды.


Концерттік бағдарламада Вена оперетталары мен Бродвей мюзиклдерінен танымал ариялар, дуэттер мен ансамбльдер орындалды.

Музыкалық шығармалар хореографиялық қойылымдармен және симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен ұсынылды.

Гастроль екі театр арасындағы ынтымақтастықтың жалғасы болды. Театрлар арасындағы әріптестік екіжақты меморандуммен бекітілген. Ташкент көрермені қарағандылық өнерпаздарды жылы қабылдап, қойылымдар аншлагпен өтті.
Теміртау қаласының жас көрермендер театры Абаканда өткен фестиваль аясында «Re: Обломов» және «Вафельное сердце» спектакльдерін қойып, Ресей көрерменінің ықыласына бөленді.

Театр ұжымының айтуынша, сапар әртістерге өз қойылымдарын көрсетуге ғана емес, кәсіби тәжірибе алмасуға да мүмкіндік берді.

– Біз Хакасияның мәдениетімен танысып, көмеймен ән айту бойынша шеберлік сағатына қатыстық, Республикалық музей-мәдени орталыққа бардық. Сонымен қатар спектакльдерді талқылауға және «Қазіргі драматургия. Театрлардың репертуар саясаты» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатыстық, – деді театр өкілдері.

Осылайша, Қарағанды облысының театрлары шығармашылық байланыстарын кеңейтіп, өңір өнерпаздарының қойылымдарын Қазақстаннан тыс жерлердегі көрермендерге ұсынуды жалғастырып келеді.
Дереккөз: Gov.kz