Қоғамда ерекше қажеттіліктері бар балалардың мүмкіндігін кеңейтіп, олардың спортпен айналысуына жағдай жасау – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды бағыт. Бұл іске өз үлесін қосып жүрген жандардың бірі – Қоғамдық кеңестің мүшесі, облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Гауһар Берікқызы Акижанова.
Гауһар Акижанованың қоғамдық және волонтерлік қызметі 2018 жылдан бастау алады. Ал 2020 жылдан бері ол «Batyl Jureq» қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы әрі аутизм спектрінің бұзылыстары, Даун синдромы және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға арналған спорттық-сауықтыру жүзу жобасының жетекшісі.
Жүзу жобасы арқылы балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың ортаға бейімделуіне, өз мүмкіндіктерін тануына және жаңа жетістіктерге ұмтылуына мүмкіндік жасалып келеді.
Гауһар Акижанованың қызметі тек жүзу жобасымен шектелмейді. Ол «Батыл Жүрек» инклюзивті би ұжымын басқарады. Сонымен қатар Қазақстандық бочча федерациясының Қарағанды облысы бойынша басшысының орынбасары және паралимпиадалық бочча спорты бойынша І санатты төреші ретінде де еңбек етіп келеді.
2023 жылдан бастап Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді араласып, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті спорттық іс-шаралар, жүгіру жарыстары мен фестивальдерді ұйымдастыруға және өткізуге атсалысып келеді.
Ал 2025 жылдан бері Гауһар Акижанова Қарағанды облысы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарып келеді. Бұл бағыттағы жұмысы әлеуметтік осал азаматтардың мәселелерін назарға алып, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған.
2026 жылдан бастап ол «Жас Жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде даму ерекшеліктері бар балаларға арналған «Тұсау кесер» секциясының жаттықтырушысы ретінде де қызмет атқарады.
Оның еңбегі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан да еленіп келеді. Әлеуметтік саладағы және бейімделген спортты дамыту бағытындағы қызметі үшін Гауһар Акижанова бірқатар алғыс хаттармен марапатталған. Сондай-ақ Қарағанды облысы әкімінің және облыстық мәслихат төрағасының Құрмет грамоталарына ие болған.
Гауһар Акижанованың кәсіби әрі қоғамдық қызметінің өзегінде бір мақсат бар – ерекше қажеттіліктері бар балаларға қоғамның толыққанды мүшесі болуға мүмкіндік беру. Инклюзивті спорт, бейімделген жаттығулар, шығармашылық орта мен қоғамдық қолдау арқылы ол әр баланың қабілетін ашуға жағдай жасауға үлес қосып келеді.
Оның жұмысы – спорттың тек жарыс пен нәтиже емес, сонымен бірге адамның өзіне деген сенімін арттырып, қоғамға араласуына жол ашатын маңызды құрал екенін көрсететін мысал.