Білім мен қоғамдық қызметті ұштастырған басшы

Сурет:

Білім беру саласы – ұрпақ тәрбиесімен қатар, қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі. Осы салада ұстаздықтан бастап, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық келісім бағытында еңбек етіп, бүгінде балалардың жан-жақты дамуына үлес қосып жүрген мамандардың бірі – «Кәусар» оқушылар сарайының директоры Айгерім Әуезқызы Исбекова.

Айгерім Исбекованың кәсіби жолы ұстаздықтан басталған. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Қазақ технология және бизнес университетін тәмамдаған. Мамандығы бойынша тарихшы, менеджмент саласының маманы, бизнес және басқару магистрі.

Еңбек жолын Балқаш қаласындағы №9 мектепте тарих және қоғамтану пәндерінің мұғалімі болып бастаған. Кейін білім беру ұйымдарында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, жас ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуына қатысты жұмыстарға белсенді араласты.

2012–2016 жылдары Балқаш қаласының ішкі саясат бөлімін басқарды. Кейін Қарағанды облысының ішкі саясат саласында талдау, мемлекеттік рәміздерді насихаттау және идеологиялық жұмысты ұйымдастыру бағыттарында басшылық қызметтер атқарды.

2021–2022 жылдары Қарағанды облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры болды. Одан кейін Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің мансап бөлімін басқарды. Сондай-ақ Қарағанды облысының білім басқармасында мектепке дейінгі тәрбие және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы қызметін атқарды.

Әр жылдары білім беру, мемлекеттік басқару, жастар саясаты және қоғамдық келісім бағыттарында жинақтаған тәжірибесі бүгінде оның қазіргі қызметінде тоғысып отыр.

2024 жылдан бері Айгерім Исбекова Қарағанды қаласының «Кәусар» оқушылар сарайының директоры қызметін атқарады. Мұнда ол балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ түрлі әлеуметтік және тәрбиелік жобаларды жүзеге асыруға басшылық етеді.

Оның кәсіби қызметінде білім беру мен тәрбие жұмысы ғана емес, жастармен жұмыс, қоғамдық келісім, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл да маңызды орын алады.

Көпжылдық еңбегі елеусіз қалған жоқ. Айгерім Исбекова «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен және Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған.

Бүгінде Айгерім Исбекова үшін басты міндеттердің бірі – жас ұрпақтың білім алып қана қоймай, қоғамдағы өз орнын табуына, қабілетін ашуына және белсенді азамат болып қалыптасуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыру.

Ұстаздық жолдан басталған кәсіби тәжірибе мен мемлекеттік қызметтегі мол тәжірибенің тоғысуы оның бүгінгі қызметіне жаңа қыр беріп отыр. Ал «Кәусар» оқушылар сарайы – осы бағыттағы бастамалар мен жаңа мүмкіндіктер тоғысатын шығармашылық орта.