Келіссөз аясында Мемлекет басшысы Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейннің Қазақстанға ресми сапары елдеріміз арасындағы берік достықты, өзара құрмет пен ынтымақтастықты көрсететінін атап өтті.
– Иордания – араб әлеміндегі уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз. Кейінгі жылдары ықпалдастығымыз қарқын ала бастады. Біз арамызда орнаған түрлі деңгейдегі берік саяси диалогты жоғары бағалаймыз. Былтыр екіжақты қарым-қатынас үшін ерекше кезең болды, бір-бірімізге сапармен бардық. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды, сондай-ақ министрліктеріміз бен ведомстволарымыздың және іскерлік орта өкілдерінің арасында көптеген құжатқа қол қойылды. Мұның бәрі көпжақты ынтымақтастығымызды одан әрі ілгерілетуге септігін тигізді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өзара мүддеге сай барлық салада қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыруға баса мән беретініне тоқталды.
Экономикалық ықпалдастық қазақ-иордан қарым-қатынасының негізгі қозғаушы күші болып қала береді.
Сонымен қатар академиялық және ғылыми байланыстарды нығайту, өзара туристер ағынын арттыру арқылы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтудің әлеуеті зор.
Мемлекет басшысы екі елдің халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу тәсілдері ұқсас екеніне назар аударып, Иордания Королінің достық байланыстарды нығайтып, қос халықты жақындастыруға қосқан үлесін жоғары бағалады.
– Сіздің көреген басшылығыңызбен Иордания парасаттылық әрі байыптылық үлгісін көрсетіп, халықаралық аренада Таяу Шығыс және одан тысқары аймақтардағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың дәйекті жақтаушысы ретінде кеңінен танылды. Осы орайда, Қазақстан Өзіңіз он жылдан аса уақыт бұрын бастаған Ақаба процесін жоғары бағалайды. Мұндай форматтағы кездесуге Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырушылардың бірі ретінде қатысу – біз үшін үлкен мәртебе. Сессия бүгінде аса өзекті саналатын жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік тақырыбына арналып отыр. Саммит Орталық Азия өңірінің ұстанымын білдіріп, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі бірлескен күш-жігерімізге тың серпін сыйлайтынына сенімдімін, – деді Президент.