Болат Қасеновтің есімі ұрпақ жадында

Сурет: Автордан

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, химия ғылымдарының докторы, профессор Болат Қоңырұлы Қасеновтің туғанына 80 жыл толуына орай Қарағандыда ғалымның құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тағылымды шараға қоғам және ғылым қайраткерлері, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері, ғалымның әріптестері, шәкірттері мен туған-туыстары қатысты. Сондай-ақ жиынға Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы қатысты.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Ғалымжан Өтелбайұлы көрнекті тұлғалардың есімін ұлықтап, олардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.

,

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ел үмітін ақтаған, халықтың ықыласына бөленген тұлғаларды кейінгі ұрпаққа дәріптеу – біздің парызымыз. Бүгінгі іс-шара – сол борышымыздың нақты көрінісі», – деді ол.

Болат Қоңырұлы Қасенов – отандық химия ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым. Ол жарты ғасырдан астам ғұмырын ғылымға арнап, физикалық химия, химиялық термодинамика, термохимия және бейорганикалық қосылыстар бағытында іргелі зерттеулер жүргізді. Ғалымның ғылыми еңбектері халықаралық деңгейде мойындалып, зерттеулері отандық ғылымның дамуына тың серпін берді. Ол өзінен кейін мол ғылыми мұра мен ізін жалғастырған шәкірттер қалдырды.

,

Іс-шара аясында ғалымның өмір жолы, ғылыми қызметі мен азаматтық болмысына арналған естеліктер жинағының тұсауы кесілді. Кітапқа әріптестері, шәкірттері мен замандастарының естеліктері топтастырылып, Болат Қасеновтің ғылымға сіңірген еңбегі мен өмірлік ұстанымы кеңінен баяндалған.

Сонымен қатар марқұмның рухына арнап ас беріліп, Құран бағышталды.

Тағылымы мол жиынның негізгі мақсаты – көрнекті ғалымның жарқын есімін ұлықтап, оның ғылымға сіңірген еңбегі мен өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету. Мемориалдық тақта – Болат Қоңырұлы Қасеновтің ел ғылымына қосқан үлесіне көрсетілген құрмет әрі кейінгі буынға қалдырған өшпес мұрасының белгісі.

 

Тілші

Ақсая ЖАЛҒАС