Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің төтенше жағдай және шектеу шаралары кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері туралы бұйрығына өзгерістер енгізілді.
Төтенше жағдайға байланысты зейнетақы мен жәрдемақыға құжат тапсыра алмаған қазақстандықтар режим аяқталғаннан кейін бір ай ішінде өтініш бере алады.
"Егер жасына байланысты зейнетақы төлемін, мемлекеттік базалық зейнетақыны, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыны, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындауға негіздер 2022 жылдың 1 қаңтарынан немесе төтенше жағдай кезеңінде басталса, көрсетілген кезеңде өтініш бермеген азамат төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін бір ай ішінде осы төлемдерді тағайындауға қажетті құжаттарды қоса ұсынып, өтініш бере алады", - делінген құжатта.
Бұл ретте төлемдер өтініш берген күннен емес, негіз туындаған күннен бастап тағайындалады.