BANNER

Абайдағы мектеп-гимназияға Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілді

Ашық дереккөз

Абай қаласының № 10 мектеп-гимназиясына ағартушы, ғалым Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілді, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі.

Сондай-ақ, ғимаратта көрнекті ұстазға ескерткіш тақта орнатылды.

– Әр халықтың тарихында осындай ұлы адамдардың есімдері әрдайым құрметтеледі. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ орфографиясын реформалаушы, фольклоршы, публицист, ғалым-педагог, – деді Абай ауданының әкімі Бауыржан Асанов мемориалдық тақтаның ашылуында. – Енді гимназия жаңа мәртебеге ие болды. Ахмет Байтұрсынұлының есімін иелену оқу орнына көп нәрсе міндеттейді.

Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай мектеп-гимназияда "Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының тағылымы" тақырыбында облыстық семинар ұйымдастырылды.

Барлық өңірден келген қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері, сондай-ақ тіл орталықтарының қызметкерлері баяндамалар дайындап, әдістемелік әзірлемелерді таныстырды.

– Педагогтар орыс тілінде оқытатын сыныптарда мемлекеттік тілді оқыту тәжірибесімен алмасты, әдістемелік әзірлемелерді таныстырды. Сондай-ақ, тіл оқыту орталығының оқытушылары өз білімдерімен бөлісті, – дейді № 10 мектеп-гимназия директорының орынбасары Рауан Қабдуалиева. – Бұл біздің гимназия үшін үлкен тәжірибе, бірақ сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Біздің балаларымыз ұлт ұстазының атына лайық болуы керек.

Сондай-ақ, гимназия қонақтарына мектеп қабырғасында ашылған Ахмет Байтұрсыновтың кабинеті таныстырылды. Мұнда семинарлар, конференциялар және ашық сабақтар өтеді.