BANNER

Қарағанды: NIS-тің 61 түлегі шетелдік жоғары оқу орындары мен Назарбаев Университетіне гранттар жеңіп алды

Фото: gov.kz

Қарағанды Назарбаев Зияткерлік мектебін биыл 125 түлек тәмамдады. Олардың жартысынан көбі шетелдегі беделді жоғары оқу орындары мен Назарбаев университетіне тегін оқуға шақыру алды. Кейбіреулер бірден бірнеше оқу орындарына грант ұтып алған.

"Шетелдік жоғары оқу орындарына 18 түлек гранттар жеңіп алды. Тағы 43-і Назарбаев Университетіне оқуға түсті", - деп хабарлады Қарағанды NIS өз түлектерінің жетістіктері туралы.

18 жастағы Қаныш Берлібеков бірден үш жоғары оқу орнына шақырту алды: Назарбаев Университеті, Қытайдағы Шанхай Нью-Йорк университеті және Оңтүстік Кореядағы Ульсан Ұлттық Ғылым және техника институты. Сәл ойланып, ол Кореяға оқуға аттануға бел буды. Шетелде жоғары білім алған соң, Қаныш туған елге оралып, Отанымыздың дамуына үлес қоспақшы.

-  Ульсан университетінде мен бизнес мектебін таңдадым. Қаржы, инженерия және жаңа технологияларды зерттей отырып, қос диплом бағдарламасын меңгеруді жоспарлап отырмын. Бұл университетті көптеген Дүниежүзілік ұйымдар мойындайды және зерттеуге үлкен мүмкіндіктер береді. Маған Корея мәдениеті де қызықты, - деді Қаныш Берлібеков. - Болашақ түлектерге оқуға түсуге дайындықты ертерек бастауға кеңес беремін. Білімді болу ғана емес, сонымен қатар мектептің, қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысу, еріктілік тәжірибесі, түрлі байқауларда жеңіске жетіп, марапатталу да маңызды.

Назерке Төлегенова тамаша үлгерімі мен IELTS және SAT бойынша жоғары ұпайларының арқасында АҚШ-тағы Berea колледжіне оқуға түсті. Ол сонымен қатар американдық университеттің Babson College кәсіпкерлік жазғы мектебін де бітірген. Түлектің айтуынша, ол оқудың негізгі бағытын таңдап, техникалық менеджментте шоғырланған инженерлік технологиялар, сонымен қатар бизнес, қаржы және информатика пәндерін оқығысы келеді. Бұл білім мен дағдыларды кеңейтуге мүмкіндік береді, демек болашақта жоғары кәсіби маман болуға және туған елімізге пайда әкелуге септігін тигізеді.