BANNER

Қарағандыда ферроқорытпа зауытында зардап шеккендердің бірі қайтыс болды

pixabay.com

Қарағандыда ферроқорытпа зауытында төтенше жағдай кезінде зардап шеккен 31 жастағы қызметкер алған жарақаттардың салдарынан қайтыс болды, - деп хабарлайды  Life09 ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Зардап шеккендердің бірі қайтыс болғаны туралы Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.

"Дәрігерлердің салған барлық күш-жігеріне қарамастан, Қарағанды ферроқорытпа зауытында зардап шеккен қызметкерлердің бірін өлім аузынан арашалап қала алмадық. 1993 жылғы ер адамның денесін 85% терең күйік шалған. Осы уақытқа дейін науқас хал үстінде еді, бүгін көз жұмды", - деп хабарлады басқармадан.

Қалған бес зардап шеккен адамның жағдайы әлі де өте ауыр. Екі науқас жансақтау  бөлімінде.

Естеріңізге сала кетейік, 20 шілдеде Қарағандыда ферроқорытпа зауытының пешінде кенеттен жалын шықты. ТЖ салдарынан кәсіпорынның сегіз қызметкері зардап шекті. Олар профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханасына жатқызылды.