BANNER

Қарағандының болашақ дәрігерлері ақылды робот-пациенттердің көмегімен адам өмірін құтқаруды үйренуде

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды медицина университетінің студенттері мен интерндері, сондай-ақ облыстың тәжірибелі дәрігерлері енді жаңа жоғары технологиялық симуляторларда кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алады. ЖОО-ның симуляциялық орталығына нақты жағдайларды елестетуге мүмкіндік беретін роботтар келіп түсті. 

Олардың ішінде «Кішкентай Павлик» – салмағы 500 граммға дейінгі шала туған нәрестенің манекені, «Арес» және «Ария» – үлкенірек «балалар» және босану процесін толықтай қадағалауға арналған VR-функциясы бар босанатын «Люсина» манекені бар.

Әзірге мұндай жабдық Қазақстанның бірде-бір медициналық мекемесінде жоқ.

– Енді студенттер баланың анасының құрсағындағы қозғалысын көріп, босанудың барлық кезеңдерін түсіне алады. Бұл оларға нақты өмірде көмектесетін баға жетпес тәжірибе, – дейді ҚМУ акушерлік, гинекология және перинатология кафедрасының меңгерушісі Жанна Әмірбекова.

Жаңа жабдық кезек күттірмейтін көмекті, анестезиология-реаниматология мен неонатологияны қамтыйды. Ал бұл роботтармен жұмыс істеуді үйрену үшін университетте акушерлік, неонатология және реанимация салаларында симуляциялық технологиялар бойынша шеберлік сабағы өтті. Оны Ресейден келген анестезиолог-реаниматолог Анатолий Веревкин өткізді.

– Шынайы тренажерлар мамандарға күрделі клиникалық сценарийлерді үнемі пысықтауға мүмкіндік береді. Бұл медициналық көмектің сапасы мен дәрігерлердің нақты тәжірибеге деген сенімін айтарлықтай арттырады, – деп атап өтті ол.

Бұл технологиялардың басты мақсаты – ана мен бала өлімін азайту. Дәрігерлер мен студенттер күрделі жағдайларды алдын ала пысықтап, шұғыл жағдайларда өздерінің әрекеттеріне сенімді бола алады.

Қарағанды медициналық университеті осы жабдықта біліктілікті арттыру бойынша арнайы бағдарламалар әзірледі.

– Әрбір пациент оны тәжірибелі маман емдегенін қалайды. Бірақ тәжірибе уақыт өте жинақталады, – дейді денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологы Андрей Буйненко. – Дәрігерлер жұмыста үнемі қиын жағдайлармен бетпе-бет келе бермейді, ал симуляторлармен үнемі жаттығу олардың маңызды мануалдық дағдыларын сақтауға және жетілдіруге мүмкіндік береді.