Ақтөбе облысында салымшыларды 60 миллион теңгеге алдаған "World Business Consulting" қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар сотталды.
Қаржы мониторингі агенттігі "World Business Consulting" қаржы пирамидасын құру және оның құрылымдық бөлімшесін басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар өздерін Қазақстанда ресми тіркелген халықаралық инвестициялық компания өкілдері ретінде таныстырып, Ақтөбеде презентациялар өткізген.
“Жиындарда күдіктілер қаржылық инвестициялар, тиімді пайызбен несие рәсімдеу, әлемнің кез келген жерінен пәтер және жаңа көлік сатып алу жайлы ақпараттармен азаматтарды қызықтырған. Осы арқылы олар жаңа салымшыларды тартып, оларға ай сайын ақша салып одан сыйақы алатынына сендірген”, – деп жазды Қаржы мониторингі агенттігі.
Күдіктілер салымшыларды 60 миллион теңгеге алдап соққан. Сот үкімімен екі азамат кінәлі деп танылып, бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілерге келтірілген залал толық көлемде өтелді.
Жыл басынан бері Қаржы мониторингі агенттігі қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері бойынша 62 қылмыстық іс аяқтады. Олардың ұйымдастырушылары 20 миллиард теңгеге жуық шығын келтірген. Қазір 13 миллиард теңгеден астам қаражат өтелді.
“Қаржы пирамидаларының қызметін ұйымдастырғаны және жарнамалағаны үшін 53 адамға қатысты 35 сот үкімі шықты. Олар 2 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Қаржы пирамидаларының белгілері бар 10,7 мың сайт пен сілтеме бұғаттауға жолданды. WhatsApp, Telegram және Instagram-да 300-ге жуық чат бұғатталды. Осылайша, 2 миллионнан астам әлеуетті салымшылардың қаржылық шығындарының алды алынды”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, "Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл" арнайы жобасы жүзеге асырылғалы бері "Qnet", "World Business Consulting", "Finiko" "Antares"/"Antares Trade", "Sincere Systems Group"/"S-Group", "Hermes LTD", "Life is good", "Chia Tai Tianding"/"Chia Tai Pharmaceutical" "Energy Eolus Oazqstan"/"Eolus" сияқты елде жұмыс істейтін қаржы пирамидаларының құрылымдық бөлімшелерінің ұйымдастырушылары жауапкершілікке тартылды.