Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Президенттің тапсырмаларын орындау үшін Үкімет резервінен батиметриялық зерттеулерге шамамен 576 млн теңге бөлінді. Бұл туралы Life 09 ақпарат агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бөлінген қаражат Су ресурстары және ирригация министрлігіне беріледі. Қаржыландырудың негізгі бөлігі жабдықтар мен техникалық құралдарды сатып алуға, сондай-ақ зерттеу жүргізу қызметтеріне бағытталады. Қаражатты «Қазсушар» ШЖҚ РМК «Су метрология» филиалына еліміздің солтүстік, батыс және орталық өңірлеріндегі су тасқыны қаупі бар учаскелерде батиметриялық түсірілім жүргізуге жұмсау жоспарланған.
Республикалық маңызы бар су қоймаларына батиметриялық зерттеу жүргізу жұмыстарын қоса алғанда, шаралар 2025 жылы жалғасады.
Жиналған деректер ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ға су тасқынын болжау және модельдеу жүйесіне енгізу үшін ұсынылады.