BANNER

Бүгін Серік Ақсұңқарұлының туған күні

Сурет: ақынның жеке мұрағатынан

Қазақтың айбоз ақыны, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Серік Ақсұңқарұлы бүгін 74 жасқа толып отыр. Ақынның туған күні қарсаңында газеттің бейсенбілік санында өлеңдер топтамасын жариялаған болатынбыз. Енді ақынның ізбасар шәкірті, «Орталықтың» түлегі Мирас Асанның арнауын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. Қабыл алыңыз, қадірлі оқырман!

 

Ақын зертханасы

 

Оның мінезі — жасыл найзағай сияқты шатырлақ,

Нағыз керек болмыс ақынға-ақ!

Сүйсе — лапылдап түгі қалмай сүйеді,

Суыса — Арқаның сары аязындай сақылдақ.

 

Оның ойлары — ешкімнің ойына келмейтін мәтіндер,

Толық тану үшін ақынды алыс тұр,

жақын кел.

Оның айтуынша: ақын деген шоколад жеу керек,

Сыра ішіп тұру керек әкімдер.

 

Оның өлеңі — Мәриямның қолындағы өткір қайшыдай,

Бір қарасаң – күшейтпелі,

Бір қарасаң – жай шырай.

Ол өлең жазса – отты айналған пәруана көбелек,

Өлең жазбаса – жеңілген әскер сынды ойсырай.

 

Оның рухы — тұманға жалғыз сіңіп жоғалған көкбөрі,

Жапанға ылғи жалғыз қонатыны содан шеткері.

Оның әлемі – біздің әлемдей қызыл, жасыл, көк емес:

Үйі – кітапхана,

Жолдасы – жалғыздық,

Абай – мектебі.

 

Оның кітаптары – қаланған жартастар кәдімгі,

Сөрелердің алдында

Ақын сергек,

Ақын сабырлы.

Ұқыптап алмасаң төбеңе құлауы мүмкін Неруда,

Құлатып алуың мүмкін Қадырды.

 

Оның қаламы – пырақтардың болат тұяғы,

Оның қағазы – қазақтың байтақ қиыры мен қияны.

Жазу үстелі – домалақ Жер беті,

Майшамы – миындағы қиялы.

 

Оның құбыласы хакім Абай мен қасиетті Құран тек,

Шәк келтіреуге болмайды бала, бұған көп.

Ол қазір де Алланың алдына барғандай тап-таза,

Өлең жазып отырғанына күмән жоқ.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.