ҚР Үкіметі Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспарын бекітті, онда елорданың әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық, көлік және энергетикалық инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі қадамдар белгіленген, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Тиісті қаулыға ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қол қойды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген Астананың негізгі қала құрылысы құжаты қоғамда кеңінен талқылаудан өтті. Онда халық санының қарқынды өсуін ескере отырып, қаланы қарқынды дамыту шаралары қарастырылған. Бүгінгі таңда елорда тұрғындарының саны шамамен 1,2 млн адамды құрайды, 2035 жылға қарай аталған көрсеткіш 2,3 млн адамға жетеді деп күтілуде.
Бас жоспарда 164 мектеп, 178 балабақша және 93 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы қарастырылған. 2029 жылға дейін 15 заманауи оқушылар сарайы салынады. Мұның барлығы жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады.
Елорданың тұрғын үй қорын 68,2 млн м2-қа дейін, ал жол желісінің ұзындығын 1000 км-ге 2,5 мың шақырымға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Қоғамдық көліктің баламалы түрлерін дамытып, негізгі магистральдарда, әсіресе Есіл ауданында кептелістерді жеңілдету үшін бес ірі көпір салу жоспарланған.