Кеше, 21 сәуір күні Шымкент қаласы әкімінің орынбасарын атып кетті. Қарулы шабуылға ұшыраған экс-депутаттың жағдайы қазір ауыр, бірақ бір қалыпты, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Шымкент әкімінің орынбасарына төрт сағатқа созылған ота жасалды. Оның өміріне қауіп жоқ.
Еске сала кетейік, шенеунікке аңға шығатын мылтықпен үш рет оқ атылған. Оқ оң жамбас пен иыққа тиген. Шабуыл жасаған күдікті әкімдікке қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС қызметкері Ернар Жиенбайұлы ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Әлеуметтік желіде ер адамның Руслан Берденовті не үшін атқаны туралы түрлі ақпарат тарап жатыр.
«Қазір әлеуметтік желілер мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында әкім орынбасары күдіктінің жұбайына тиіскені себепті шабуыл жасалған деген жалған ақпарат тарап жатыр. Бұл мәлімет шындыққа жанаспайды. Қылмыс жасаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», деп хабарлады Шымкент полиция департаменті.
Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр.