Жаңа ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауын тыңдадық. Мемлекет басшысы бұл жолы да тұтас мемлекет пен қоғам үшін маңызды деген мәселелерге тоқталды. Мұнда жаңа бастамалармен қатар, бұған дейінгі Жолдауларда айтылған мәселелерге, берілген тапсырмалардың орындалуына жан-жақты тоқталды.
Жолдауда айтылғандардың арасында ерекше айтайын дегенім, мемлекеттің дамуы үшін бизнес саласына үлкен қолдау керектігі. Алуан бағыттағы мемлекеттік қолдаулар болғанымен, қазіргі кезде бизнеске керегі – қаржылай көмек. Ол көмек тек банк арқылы беріледі. 30 жыл бұрын қабылданған банктік қызмет туралы заңының өзгеруі мен үшін, кәсіпкерлер үшін де маңызды. Оның өзгеруі осы салаға серпін береді деп ойлаймын. Салық саласындағы кейбір шаралардың бизнес нысандарының қызметіне кедергі келтіріп жататыны бәріне мәлім. Кәсіпкерлер үшін қарыздарын кепілдіксіз бөліп өтеу де – үлкен қолдау. Қиындықпен бетпе-бет келген кәсіпкерлерге бұл айтарлықтай көмек. Осы орайда Мемлекет басшысы ел экономикасындағы орта бизнес үлесін 15%-ға көтеру туралы Үкіметке тапсырма берді. Осындай қолдаулар арқасында бұл межеге де жетеміз деп ойлаймын. Еңбек адамына қолдау жасау – көптен айтып келе жатқан мәселе. Еңбек адамының культын арттыру – өзекті. Себебі, қоғамның дамуында барлық мамандық иелері қажет. Жол жөндеу жөніндегі бірыңғай цифрлық платформа құру таралы айтылған тапсырма орынды деп есептеймін. Халық арасында жүргенде тұрғындардың жолдарға қатысты сұрақтарын жиі естиміз. Оларға жауап беру үшін түрлі мекемелерге бөлек-бөлек жүгіну керек болады. Бірыңғай платформа болса, кез келген адам өзі біліп отыра алады. Бұл – демократияның көрінісі, адамдардың қоғаммен, мемлекеттік жүйемен араласуына жақсы ықпал ететін еді. Кадрлық әлеует өте төмен екені сыр емес. Кез келген салада маман жетіспейді. Жоғары оқу орындарының филиалдарының ашылуы және олардың сарапшы мамандарды даярлайтыны маған оң әсер етті. Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы ең өзекті деген, халықтың көкейіндегі мәселелердің барлығын Жолдауда айтады. Осы жолы да есірткі мәселесінің, қоғамның әлеуметтік кеселдері, әскердегі келеңсіздіктердің сөз болуы қоғам белсендісі ретінде, ана ретінде менің көңілімнен шықты. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әскери адамдардың да қауіпсіздігін сақтау керек. Атом электр стансасын салу жөніндегі референдум өткізу – ел болашағы үшін маңызды мәселе. Президент оның күнін белгіледі. Мәселенің маңыздылығын терең түсініп, оның қажеттілігін айқын сезінсек те, басты мәселе қауіпсіздікте екенін аңғарамыз. Қауіпсіздігіне баса мән бере отырып, осы мәселені халықтың талқылауына шығару өте орынды. Жолдауды жыл сайын қоғам болып күтетін болдық. Себебі, Президент онда еліміз үшін маңызды мәселелердің барлығын ашық айтып, міндеттемелер мен тапсырмалар береді. Жолдау демократияның жарқын үлгісі екенін қоғам түсініп келе жатқаны қуантады. Айжан ҚИЯСОВА, Қарағанды облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары
Берекелі болашақтың бағдары
Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан