Бүгін, 11 наурызда Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының үшінші жарыс күнінде ел құрамасынан алты боксшы сынға түседі.
Олардың барлығы 1/8 финалда шаршы алаңға шығады.
Ел құрамасынан Виктория Графеева (60 келі) грекиялық София Легаки, Аида Әбікеева (63 келі) қытайлық Чжао Шуоюй, Жасмин Қизатова (66 келі) Кабо-Верде боксшысы Ивануса Морейра, Гүлсая Ержан (81 келі) қытайлық Ван Сяоменгпен қолғап түйістіреді.
Ал, бұдан бұрын 1/16 финалда кениялық Нзиваны жеңген Алуа Балқыбекова (50 келі) енді марокколық Ясмин Мутаккимен кездессе, алғашқы жекпе-жегінде қарсыласы бас тартқан Жайна Шекербекова (54 келі) мексикалық Ариадна Хиль Алонсомен кездеседі.
Сондай-ақ, алғашқы жекпе-жегінде өзбекстандық Олтиной Сотимбоеваны тізе бүктірген Елдана Тәліпова (81 келіден жоғары) енді 13 наурыз күні сербиялық Сара Милковичпен шаршы алаңға шығады.
Ел құрамасынан Анита Адишева (52 келі) 1/16 финалда мексикалық Патино Хуарезге есе жіберді.
Ел құрамасынан алдағы күндері Назым Қызайбай (48 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Жасмин Қизатова (66 келі), Наталья Богданова (70 келі), Надежда Рябец (75 келі) сынға түседі.