Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын Қарағанды облысы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуы туралы брифинг өткізді.
Бұқар жырау ауданының экономикасын алға жетелейтін басты салалардың бірі – өнеркәсіп саласы.
Аудан аумағында “Сарыарқа” арнайы экономикалық аймағы мен 3 ірі көмір разрезі (“СатКомир” ГРК АҚ, “Разрез Кузнецкий” ЖШС, “Куучек” ГПП ЖШС) жұмыс істеп тұр.
2024 жылы ауданның өнеркәсіп орындары өндіріс көлемін тұрақты түрде арттырып, 90,5 млрд теңге көлемінде өнім шығарды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,8%-ға жоғары (2023 жылы – 79,5 млрд теңгені құрады).
Негізгі көрсеткіштерге тоқтала кетсек:
Тау-кен өндірісі – 23,6 млрд теңге, өсім 16,8%.
Өңдеу өнеркәсібі – 66,2 млрд теңге, өсім 13,7%.
Экспорт көлемі – 12,2 млрд теңге, өткен жылмен салыстырғанда өсім 22% (2023 ж. – 10,0 млрд теңге)
Ауданымыздың өнімдері Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа елдерге экспортталуда. Экспортқа өнім шығаратын кәсіпорындар қатарында:
«Севен Рефракториз Азия» ЖШС, «Бемер Арматура» ЖШС, «СатКомир» ГРК АҚ, «Изоплюс Центральная Азия» ЖШС бар.
2025 жылы жаңа кәсіпорындар іске қосылады. Атап айтсақ:
«Qaragandy Power Silicon» ЖШС – кешенді қорытпалар шығаратын зауыт. Жобаның құны – 62,8 млрд теңге, 1145 жұмыс орны ашылады. Іске қосу мерзімі – 2025 жылдың 1-жартыжылдығы.
«Power Blast» ЖШС – химия өнеркәсібі, жарылғыш және пиротехникалық заттар өндіру. Жобаның құны – 1,61 млрд теңге, 31 жұмыс орны ашылады. Іске қосу мерзімі – 2025 жылдың 1-жартыжылдығы.
Бұқар жырау ауданының өнеркәсібі тұрақты даму жолында. Бұл жетістіктер – бірлескен еңбектің нәтижесі.