BANNER

Экология министрі орманшылардың жалақысы 250 мың теңгеге дейін өскенін айтты

Фото: tengrinews.kz

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев берген ақпаратқа сәйкес, мемлекеттік орман күзеті қызметкерлерінің орташа жалақысы 129 мыңнан 250 мың теңгеге дейін ұлғайды,- деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz сілтеме жасап.

“Әлеуметтік мәселені шешу аясында өткен жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік орман күзеті қызметкерлеріне лауазымдық еңбекақының 100% мөлшерінде қосымша ақы төлеу белгіленді. Мемлекеттік орман күзеті қызметкерлерінің орташа жалақысы 129 мыңнан 250 мың теңгеге дейін ұлғайды. Қалған қызметкерлерге министрлік пен кәсіподақ арасындағы Келісім шеңберінде өткен жылы 75% қосымша ақы қарастырылды.
Сонымен қатар орман өрт сөндіру станцияларының барлық қызметкерлеріне 100% қосымша ақы төлеу мақсатында Үкімет қаулысының жобасы әзірленді”, – деді министр.

Мемлекеттік орман қорының ауданы 30, 9 млн гектар, оның ішінде орманмен көмкерілгені 13,7 млн гектар.

“Ел аумағының ормандылығы 5 %-ға тең. 2023 жылы жалпы ауданы 116,8 мың гектарды құрайтын 810 орман өрті тіркелді, оның ішінде орманмен көмкерілген 61,1 мың гектар. Орман өрттерінің себептері бойынша оқиғалар саны: найзағай разрядтарынан - 498, ауыл шаруашылығы жерлерінен өтіп кеткен - 87, жеке және заңды тұлғалардың кінесі бойынша - 30, анықталмаған себептерден - 200 оқиға тіркелген”, – деді ол үкімет сағатында.

Ол сондай-ақ былтырғы ірі орман өрттері материалдық-техникалық базаның төмендігін, сондай-ақ орман шаруашылығы қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуының әлсіздігін көрсетіп бергенін айтты.

“Осы мәселені шешу үшін министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп республиканың барлық орман шаруашылығын материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін 2023-2027 жылдарға арналған азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспарын әзірледі.
Жоспарда барлық кезеңге сомасына 68,6 млрд теңге шығыстар көзделген”, – деді ол.

Бұл сомаға мыналарды сатып алу жоспарланып отыр:

- 1082 бірлік арнайы көлік құралдары (өрт сөндіру машиналары, тракторлар, патрульдік машиналар);

- өртке қарсы және орманды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге арналған 948 бірлік тіркеме және қосымша жабдық (дискілі тырмалар, соқалар, тіркемелер, цистерналар және т.б.);

- орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнату (тек ЭТРМ табиғатты қорғау мекемелеріне арналған);

- орман мекемелерінің аумағында 102 өрт – бақылау мұнарасын салу.

Мәжіліс депутаты өрт сөндіру техникалары 30-40 жылдан бері жаңармағанын сынағанын жазған едік.