BANNER

Қарағандылық оқушы экономика бойынша Халықаралық Олимпиаданың қола жүлдегері атанды

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды NIS тоғызыншы сынып оқушысы Батырхан Мұхтархан ел құрамасының атынан Гонконгта өткен IEO-2024 Халықаралық экономика олимпиадасына қатысып, қола медаль жеңіп алды. Зияткерлік жарыста әлемнің 53 елінен 250 оқушы өз білімін сынады.

Батырхан IEO-2024-ке дайындықты наурыз айында бастаған. Күн сайын  сабақтан кейін мектепте қалып, қажетті тақырыптар бойынша кітаптарды  оқыды, бәрін мұқият жазды.

– Мен медальға үміттенген жоқпын, өйткені негізгі тестті нашар тапсырдым деп ойладым. Экранда менің суретімді көргенде, қатты қуандым әрі толқыдым. Біздің команда мен еліміз үшін мақтандым. Бұл медаль менің дұрыс бағытта келе жатқанымның дәлелі. Әрі қарай алтынға ұмтыламын. Мен бұл олимпиадаға тағы үш рет қатыса аламын, – дейді Батырхан.

Әлемнің 53 елінің үздік оқушыларымен бәсекелесу оңай болмады, деп мойындайды оқушы.

Оған халықаралық олимпиадаға дайындалуға Экономика пәнінің мұғалімі Жантілек Напталов көмектескен.

– Батырхан өте тәртіпті және жауапты оқушы. Ол көп оқыды, дайындық кезінде бұл маңызды. Кез-келген олимпиадада нәтиженің 70 пайызы оқушының өзіне байланысты. Мен тек шабыттандырдым, бағыттадым, кеңес беріп, қажетті әдебиеттермен, материалдармен таныстырдым. Оның болашағы бар, экономика саласында табысқа жете алады, – деп есептейді тәлімгер.

Қазақстан командасы өткен жылдың нәтижелерімен салыстырғанда жалпы командалық есепте 10-нан астам орынға жоғары көтеріліп, ең жоғары нәтижелерді көрсетті. Ел құрамасы IEO-2024-те бес медаль жеңіп алды: екі күміс және үш қола. Осылайша, біздің оқушылар әлемдегі ең мықты командалардың ондығына және бизнес-кейс бойынша жетілікке кірді.