Еліміздегі білім мекемелері ғылымнан гөрі маман даярлау ісіне көбірек басымдық береді. Бұл оқу орындарының тікелей міндеті болғанымен, білім мен ғылымды қатар алып жүру керек.
– Қазақстанда зерттеу университеті деген мәртебеге лайық 10 оқу ордасы бар. Ғылымды дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Осы жұмысты күшейтуіміз керек. Сондай-ақ ғылым елге нақты пайдасын тигізуге тиіс. Бұл бағытта біршама жетістігіміз бар. Қолданбалы зерттеулермен айналысатын ғылыми ұйымдардың кірісі соңғы бес жылда 40 миллиард теңгеден асты. Қазынаға 10 миллиард теңгеден астам салық түсті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғая бермек. Ғылым саласына 14,5 миллиард теңге жеке инвестиция тартылды. Екі мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша, ғалымдарымыз экономиканы өркендетуге атсалысып жатыр. Оқу орындары кәсіпорындармен тығыз байланыс орната бастады. Мысал ретінде Satbayev University зерттеушілерінің жұмысын атап өтуге болады. Университет ғалымдары селен элементін жоғары дәрежеде тазартатын жаңа технология ойлап тапты. Соның нәтижесінде бір келі селеннің құны 15 есе артып, оны өндіретін компанияға 1,2 миллиард теңге қосымша пайда әкелді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жас академик Сұраған Дүрбітханның еңбегін ерекше атап өтті. Оның математикалық физика саласындағы ғылыми зерттеулері криптография және мәліметтерді қорғау жүйесінде сәтті қолданылып жатыр. Президент цифрландыру дәуірінде мұны өте маңызды жетістік ретінде бағалап, бұл қазақ ғылымының әлеуеті жоғары екенін көрсеткенін айтты.
Мемлекет басшысының пікірінше, еліміздегі кәсіпорындар да ғылымды дамытуға үлес қосуға тиіс. Олар университеттермен және ғылыми орталықтармен бірлесіп, жаңа өнімдер шығаруы керек. Қазақстандағы ірі өндіріс орындары өз табысының 1 пайызын ғылым саласына аударып келеді. Президент мұны стратегиялық маңызға ие бағыт деп санайды.