BANNER

Облыс әкімінің орынбасары Балқаш қаласы мен Шет, Ақтоғай ауданына барып қайтты

Суреттер Е.Бейсембайұлының әлеуметтік желідегі видеосынан алынды

Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын Балқаш қаласы мен Шет, Ақтоғай ауданына жұмыс сапарымен барып қайтты. Сапар барысында халықты әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту сынды күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап, денсаулық сақтау нысандарын аралады.

Шет ауданына жасаған сапары барысында облыс әкімінің орынбасары аудан мен ауылдық округтердің әкімдері, мекеме басшыларымен кездесті. Кездесу барысында цифрлық отбасы картасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады.

Сонымен қатар, «Д» және «Е» санатындағы отбасы санын қысқарту мәселесін де шешуді тапсырды. Әрі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша салынып жатқан медициналық нысандардың құрылысымен де танысты.

 – Шет ауданына жасаған сапарымның басты мақсаты – ұлттық жобасы бойынша салынып жатқан медициналық нысандардың құрылыс барысымен танысу. Шет ауданында мұндай 13 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Әр учаскені аралағанда мердігерлермен кездесіп, құрылыс жұмыстарының жоспарын талқылап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын қадағаладық. Құрылысты жеделдету бойынша бірқатар тапсырмалар берілді, – деді облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын.

 Облыс әкімінің орынбасары Балқаштағы бірқатар денсаулық сақтау нысандарын аралады. Күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясына да бас сұқты. Одан бөлек, көпсалалы ауруханасына, медициналық колледж бен Шашубай кентіндегі дәрігерлік амбулаториясына барып қайтты.

Медициналық нысандарға жасаған сапарынан кейін Балқаш, Приозерск қаласы мен Ақтоғай ауданының медицина қызметкерлерімен кездесіп, медициналық қызмет көрсету жүйесін жақсарту мақсатында бірқатар тапсырма берді.