BANNER

Қарыштаған - Қазақстан, асқақтаған - Астана

Сурет: pixabay.com

6 шілдеде Қазақстан халқы Астананың мерейтойын атап өтеді. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, ел астанасын оңтүстіктен орталыққа қарай көшіру мәселесі көтерілді. Қазақстанның Жоғарғы кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдайды. Араға үш жыл салып, 1997 жылы 20 қазанда астананы ауыстыру туралы жарлық күшіне енеді. Осы құжатқа сай Ақмола Қазақстанның астанасы құқығын 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап иеленді. Деректерге сүйенсек, елорданы ауыстыру туралы шешім қабылданған кезде, Астана халқының саны 290 мыңдай ғана болған екен.

Жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді. Бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде мерекеленіп келді. Кейінірек парламент депутаттары заңға тиісті түзетулер енгізіп, мемлекеттік мейрамның датасы 6 шілдеге ауыстырылды.

1998 жылы ЮНЕСКО шешімі Астана қаласын «Бейбітшілік қаласы» деген атауға сай деп танып, медальмен марапаттады. Бразилияда өткен дүниежүзілік байқауда әлем бойынша 12 жас қаланың ішінен Астана жоғары атақты иеленді.

Қазақстан – 2010 жылы еуропалық ұйымда төрағалық еткен посткеңестік кеңістіктегі тұңғыш мемлекет, Орталық Азияның бірінші өкілі және алғашқы мұсылман елі болды. Еліміз төрағалық еткен кезеңнің нәтижелі белесі деп ЕҚЫҰ-ның онжылдық үзілістен кейінгі басқосуы – Астана саммитін айтуға болады. Оған дейін жоғары деңгейдегі кездесу 1999 жылы Ыстанбұлда өткен болатын. Осылайша тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті Орталық Азиядағы елде өткен болатын.

2017 жылдың 23-24 қаңтарында Ресей, Түркия және Иранның бастамасымен Астанада бейбіт келіссөздер өтті. Мақсат – Сириядағы азаматтық соғысты аяқтау. Келіссөздерге барлығы жеті делегация қатысты: Ресей, Түркия, Иран, АҚШ және Біріккен Ұлттар Ұйымы, сондай-ақ, екі тарап – Сирияның ресми үкіметінің өкілдері және президент Башар Асадқа қарсы қарулы топтардың спикерлері. Бұл келіссөзге Сириядағы Азаматтық соғыс тарихында бірінші рет САР билігі де, оларға қарсы шыққан көтерілісшілер де болды.

"Экспо-2017" көрмесі Қазақстанның елордасы, Астана қаласында 2017 жылдың 10 маусымынан бастап 10 қыркүйегіне дейін өтті.

Оған 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмеге 4 миллионға жуық адам келсе, оның жарты миллионы басқа елдерден.

Биыл Астанада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдер көшбасшыларының 24-ші кеңейтілген саммиті өтті. 3-4 шілде күндері елордадағы алқалы жиынға 16 елдің президенті мен үкімет басшылары, сондай-ақ, халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты. Саммит тақырыбы «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу». Еліміз былтырғы маусым айынан бері 1 жыл көлемінде ұйымға төрағалық етті.

Қазақстанның астанасы Астана – заманауи, ыңғайлы және жайлы қала. XIX ғасырда шағын ауыл ретінде негізі қаланған ол уақыт өте келе өсіп, Орталық Азиядағы ең ірі мегаполистердің біріне айналды.