BANNER

Байден президенттік сайлауға қатыспайтын болды: орнына Камала Харристі ұсынды

Фото: yandex.kz

АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден алдағы президент сайлауынан өз кандидатурасын алып тастайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі kursiv.media-ға сілтеме жасап.

 Ол өзінің шешімін кейінірек егжей-тегжейлі түсіндіруге уәде берді. Өз орнына қазіргі вице-президент Камала Харристі ұсынды.

CNN ақпаратына сүйенсек, Байден бұл шешімді Демократиялық партия мен жалпы АҚШ мүддесі үшін қабылдағанын айтқан. Ол келесі аптада елге үндеу жасап, жағдайда егжей-тегжейлі түсіндіруге уәде берді. Сонымен қатар, 2024 жылдың соңына дейін өзінің президенттің міндеттерін орындайтынын айтты.

Өз орнына президенттікке кандидат ретінде қазіргі вице-президент Камала Харристі ұсынып, оны  өзінің «толық қолдайтынын» айтты. 

«Демократтар бәріміз жиналып, Трампты жеңетін уақыт келді. Осылай жасайық!» – деді Байден.

АҚШ Республикалық партиясы президенттікке ұсынған Дональд Трамп  «Байденге қарағанда Харристі жеңу оңайырақ болатынын» айтқан.

Сонымен қатар, Трамп The Truth Social әлеуметтік желісінде Байденнің «бұл лауазымға ешқашан лайықты болмағанын» және АҚШ оның президенттігінен «қатты зардап шеккенін» жазған.

Айта кетейік, Джо Байден АҚШ президенті қызметіне 2021 жылы сайланған. 2009-2017 жылдар аралығындан президент Барак Обаманың кабинетінде вице-президент болған. Қазір Байденнің жасы – 82-де.

Камала Харрис Байден кабинетінде вице-президент қызметін атқарып келеді. Ол 2024 жылы 60 жасқа келеді.

АҚШ президентін сайлау 2024 жылдың 5 қарашасына белгіленген.

16 шілдеде Дональд Трамп АҚШ-тың Республикалық партиясынан президенттікке кандидат ретінде тіркелген.

14 шілдеде Трампқа Пенсильваниядағы сайлауалды кездесуде қастандық жасалды. АҚШ президенттігіне үміткер жараланып, бір адам қаза тапты.

Трампқа оқ атқан адамның есімі белгілі болды. Күдіктінің аты-жөні  – Томас Мэтью Крукс. New York Post жариялаған ақпарат бойынша ол өзі оқ атқан ғимаратта қаза болды. 

Reuters сарапшылары сайлауалды митингідегі шабуылдан кейін, Трамптың Ақ үйге оралу мүмкіндігі арта түскенін жазады. Басылымның хабарлауынша, оның президенттік перспективасының артуы доллар бағамының өсіп, АҚШ қазына кірісі мен Азиядағы сауда нарығының ауытқуына алып келген. АҚШ-тың он жылдық қазынашылық фьючерстері шамамен 13 пунктке төмендеді, ал доллардың еуро мен иенаға қатысты бағамы өскен.