BANNER

ПРЕЗИДЕНТ: ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚ ПЕН КӨЗБОЯУШЫЛЫҚТЫ ДОҒАРУ ҚАЖЕТ

Фото: akorda.kz

Қажет болса, министр де, әкім де кез келген мәселені шұғыл шеше алады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты,- деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі 24.kz сілтеме жасап. 


"Медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру қажет. Мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бөлігі болуға тиіс. Келесі бөлігі жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналарынан құралатын сақтандыру қаражаты есебінен жасақталуы керек. Жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттырған жөн. Әлеуметтік жағынан осал топтағы кейбір азаматтар үшін медициналық сақтандыру жүйесіне аударылатын төлемдер жергілікті бюджеттен бөлінуге тиіс", – деді Президент. 


Сонымен қатар, медицина инфрақұрылымын дамыту – өте маңызды міндет.
"Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы бойынша 655 нысан салу жоспарланған еді. Іс жүзінде оның тек 85-і ашылған. Мұның бәрі  жұмыстың  тиімсіз жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Жобалық-сметалық құжаттар  тым баяу әзірленді, құрылыс ұзаққа созылды  немесе нысандардың құны қымбаттап кетті деген себептер айтылып жүр. Мұның қай-қайсысы да – құр сылтау. Басқа себебі жоқ деп ойлаймын. Қажет болса, министр де, әкім де кез келген мәселені шұғыл шеше алады. Демек, сондай ниет болмай тұр деген сөз, – деді Мемлекет басшысы.


Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен жаңа форматтағы 369 мектеп салу жоспарланған. 
Мұнда техникалық құжаттар дер кезінде әзірленбеген, жер де  уақытылы бөлінбеген. Оған қоса, отандық өндірушілердің көбі жаңа мектептердің құрылысына қатыса алмайтынын айтып, шағымданып жүр. Үкіметке, әкімдерге және «Самұрық-Қазына» қорына ұлттық жобаларды жүзеге асыруға кедергі болып жатқан барлық мәселені дереу шешуді тапсырамын, – деді Тоқаев. 
Жалпы, өткен жыл  еліміз үшін  табысты болды деп  айтуға болады. Әрине, шешімін таппаған өзекті мәселелер  әлі де бар. 


Сондықтан, еліміздің сапалы дамуы үшін тиісті шешімдерді қабылдауымыз қажет. Біз  алдағы уақытта жаңа экономикалық бағдармен жүреміз десек, Үкімет  және әкімдер жұмыс істеу тәсілін  түбегейлі өзгертуге тиіс. Ұлттық экономиканы өркендету үшін жаңа идеялар  және ұзақ мерзімге арналған жүйелі ұстаным қажет. Біз еліміздің даму қарқынын күшейтуіміз керек. Экономиканы әртараптандырып, шетелден  көбірек инвестиция тарту қажет. Үкіметтің басты міндеттерінің бірі – экономикалық қызмет субъектілерінің бәріне бірдей жағдай жасау. Экономикаға жаңа серпін беру үшін  Үкімет  кәсіпкерлермен, инвесторлармен толыққанды серіктес ретінде  тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет, – деді Мемлекет басшысы. 


Мемлекеттік аппарат барынша тиімді және үйлесімді жұмыс істеуі керек.
Қағазбастылық, көзбояушылық дегенді  доғару қажет. Осындай жағымсыз үдерістердің кесірінен жұрттың реформаға және Әділетті Қазақстанға деген сенімі азаяды. Жоғарыдан тапсырма берілгенін, азаматтардан арыз түскенін  немесе жағдайдың нашарлап кеткенін күтіп  отырмау керек. Бастама көтеріп, дербес жұмыс істей білу қажет, – деді ол.


Қазір бүкіл әлем  аса күрделі  тарихи кезеңде өмір сүріп жатыр. Осындай кезеңде мемлекеттердің көпжылдық даму бағдары айқындалады.


Сондықтан біз уақыт талабына сай болып, жылдам әрі батыл қимылдауымыз керек. Жалаң сөзге уақыт кетірмей, нақты әрекет жасап, саяси жауапкершілік таныту қажет. Дәл қазіргі кезеңде  әрбір күннің қадірін дұрыс түсініп, қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдалануымыз керек. Әйтпесе, жаһандық бәсекеге ілесу  қиын болады. Табысқа жету үшін  мемлекет пен қоғам ортақ мүдде жолында әрдайым бірге болуы керек. Біз өркениетті ұлт ретінде тек жарқын болашаққа ұмтылып, тек  алға қарай қадам басуымыз қажет. Қазір Үкімет айрықша құзыретке ие болды. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек. Шұғыл түрде тиісті шешімдерді қабылдау қажет. Мен бүгін бірқатар маңызды мәселеге тоқталдым. Әрине, басқа да өзекті мәселелер бар. Үкіметтің алдында тұрған міндеттер – өте маңызды. Дереу жұмысқа кірісу керек. Түптеп келгенде, экономиканың әр саласында түбегейлі реформалар жасалуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.