Шет ауданы Ақадыр ауылының тұрғыны Дәрібай Оспанов пауэрлифтингтен әлем чемпионатында алтын мен күміс жүлде жеңіп алды. Ақсақалды Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасында құттықтады.
Біріншілік Остин қаласында (Техас штаты, АҚШ) өтті. 46 елден түрлі жастағы 960 спортшы қатысты. Қазақстаннан сайысқа барған ардагерлердің жалғыз өкілі Дәрібай Оспанов. 75 жастағы спортшы классикада күміс, ал экипировкада алтын алды.
– Мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысымын, төрт дүркін әлем чемпионымын, он дүркін Азия чемпионымын. Әлем чемпионатында 70 жастан асқан спортшылар санатында өнер көрсеттім. Біз 5 адам болдық – жапон, неміс, канадалық және үндіс. Нәтижеге ризамын. Мақсатым – Дания спортшысын жеңу. Ол 94 жасында өнер көрсетті, ал мен 95 жасымда да жарысқа қатысамын, – дейді ақсақал.
Дәрібай Оспановтың ұлы Қараман Абдулкәрім де лайықты өнер көрсетті. Ол классикада жеңімпаз атанды және экипировкада екінші орынға ие болды.
Н. Әбдіров атындағы Спорт сарайында пауэрлифтерлерді құрметтеумен қатар, каратэшілерді де ұлықталды. Олар 2024 жылғы беделді Dageki world Full Contact Karate чемпионатында командалық есепте бірінші орын иеленді. Спортшылар 11 медальға ие болды, оның төртеуі алтын.
Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша