Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Мырзағали Айтжановқа құрмет көрсетті, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановқа қызметінен кеткеннен кейін иығына шапан жабылып, бағалы сыйлықтар табысталды.
"Мырзағали Құланұлының Қазақстан боксына сіңген еңбегі зор. Бүгінгі күнге дейін былғары қолғап шеберлерін дайындауда төккен маңдай терді бағалаймыз және сізге алғыс айтамыз", – деді бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп.
Айта кетейік, бокстан Ұлттық құраманы 2023 жылдың қаңтарынан бастап баптаған Мырзағали Айтжанов Париж олимпиадасынан соң қызметінен босатылған еді. Кейін Қайрат Сәтжанов бас бапкер болып тағайындалды. Мырзағали Айтжанов 2009-2018 жылдар аралығында да ұлттық құраманың бас бапкері болып қызмет атқарды.