BANNER

Странджа кубогінде қарағандылық боксшылар екі алтын жеңіп алды

ашық дереккөз

Болгария астанасы София қаласында бокстан «Странджа кубогі» халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде өнер көрсеткен жерлестеріміз төрт медаль жеңіп алды.

«Странджа кубогі» – бокс әлеміндегі маңызды турнир. Оны шын мәнінде шағын әлем чемпионаты деп санайды.

Жарысқа барлығы 222 спортшы (143 ер,79 әйел) қатысты. Олар әлемнің 22 елінен келді.

Қазақстан намысын 42 боксшы қорғады. Олардың бесеуі Қарағанды облысынан.

«Бәсекелестік әсіресе жартылай финал мен финалда қызу болды. Біздің спортшылар жақсы нәтижелер көрсетті. Шағын әлем чемпионатында екі алтын алдық. Бұл өте жақсы көрсеткіш», – дейді Қарағанды облыстық бокс федерациясының персонал және жалпы мәселелер жөніндегі бас менеджері Айгүл Байманова.

Турнир қорытындысы бойынша Абылайхан Жүсіпов пен Сабыржан Аққалықов алтын жүлдеге ие болды. Ал, Талғат Сырымбетов пен Әзиза Исина қола жүлдені қанағат тұтты.

Жалпы есепте Қазақстан құрамасы бірінші орынға шықты. Біздің спортшылар 18 медаль: 5 алтын, 9 күміс және 4 қола жеңіп алды.

Екінші орынды Өзбекстан құрамасы алды. Үздік үштікті бес медаль жеңіп алған болгариялық боксшылар түйіндеді.