Тігіншілік – үлкен өнер. Себебі, мұндай атадан қалған асыл қасиет кез-келген жанға бақ болып қона бермейтіні анық.
Қарағандылық кәсіпкер Гүлсім Кенжебекова 2023 жылы өз үйінің аумағында тігін цехын ашты. Шебер ұлттық киімдер мен қыз жасауы үшін көрпе-жастық тігуді қолға алды. Оның бұл кәсібі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен жүзеге асты. Бүгінде «Аl Shyn Ai» брендімен танылған цех тек Қарағанды өңіріне ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне және шетелге де тапсырыс қабылдайды.
«Тігіншілік – аса бір шыдамдылықты талап ететін мамандық. Былайша айтқанда, «инемен құдық қазғандай» сабырлық қажет. Бір бұйымның артында қаншама көз майын тауысып істейтін үлкен еңбек жатыр», – дейді Гүлсім Кенжебекова.
Кейіпкеріміздің айтуынша, қолөнер, тігіншілік – бүгінде табысты бизнестің бірі. Өйткені, қазір қолдан жасалған бұйымдарға сұраныс артқан. Қолөнерді жанына серік еткен Гүлсім Хамитқызы бұл іске бала кезінен әуес болған.
«Мен кәсіпкерлерге кеңес ретінде айтарым – мемлекеттен қолдау іздеуден қорықпаңыздар. Қазір елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған көптеген бағдарламалар бар. Әрине, әр кәсіптің өз қиындықтары болады. Бастапқыда қаржы тапшылығы, тәжірибенің аздығы сынды кедергілер болады. Бірақ уақыт өте келе бәрін еңсере аласыз. Кәсіпті жаңа бастағандарға айтарым – қиындықтарға мойымау керек. Бастысы – ниет пен еңбек», – дейді кәсіпкер.