Мамырдың 30-ы күні Алматының Алмалы аудандық сотында қаржылық пирамида құрған үш азамат сотталды, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Orda.kz порталына сілтеме жасап.
Айыпталушылар шетелдік азаматтармен сөз байласып, салымшылардың ақшалай операцияларын бақылайтын интернет-платформа құрған. Шетелдіктерге қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске бөлінген.
Ұйымдастырушылар әлеуметтік желілердегі жарнама арқылы клиенттер тартып, брошюралар таратып, жобаларын инвестициялық компания ретінде таныта отырып, онлайн тренинг өткізген. Олар әрбір инвесторға салынған соманың бестен 15%-ға дейін ай сайынғы табыс алуға уәде берді. Дегенмен, схема классикалық қаржылық пирамида болып шықты: басындағы инвесторлар кейінгі инвесторлар салған қаражаттан дивидендтер алады.
Алаяқтық нәтижесінде 13 адамға жалпы сомасы 59 894 237 теңге материалдық шығын келтірілген.
Айыпталушылар өз кінәларын мойындамады.
«Соттың үкімімен А., К., С. қаржы пирамидасын құрып, оны басқарғаны үшін кінәлі деп танылып, жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылып, оларға бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы А.-ның жас баласының болуы, сотталушы К.-ның егде жасы және барлық сотталушылардың соттылығының болмауы жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар деп танылды. Ешқандай ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ» делінген сот мәлімдемесінде.