Қазақстандық танымал актер Азамат Сатыбалды Орталық Азия елдері театрларының IX халықаралық фестивалінде ерекше марапатқа ие болды. Өнер иесі аталмыш фестивальде түркі дүниесінің театр өнеріне қосқан үлесі үшін арнайы төсбелгімен марапатталды, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
"Орталық Азия елдері театрларының IX халықаралық фестивалінің негізінде тағайындалған арнайы марапат иелері. Түркі дүниесінің театр өнеріне қосқан үлесі үшін төсбелгісімен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Азамат Сатыбалды марапатталды", - делінген театрдың Instagram-дағы ресми парақшасында.
Театр ұжымы актерді марапатымен құттықтап, ақ тілегін жолдаған.
"М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ұжымы марапат иесін шын жүректен құттықтайды! Театр кеңістігі мен ел мәдениеті үшін атқарып жүрген еңбегіңіздің әрдайым жемісті болуын тілейді", - делінген хабарламада.