Қоғамда бала әкеден қорқу керек деген түсінік қалыптасқан. Бұл қаншалықты дұрыс? Бала әкесін қорыққанынан емес, әкесіне деген терең сыйластықтан тыңдауы керек. Ата - ана бала үшін алғашқы қоғам болатын болса, ендеше баланың дұрыс қалыптасуы үшін дұрыс қоғам қажет. Қыз баланың алғаш араласатын ер адамы - әке, әкенің қызына деген қарым - қатынасы ол бойжетіп, болашақ жар таңдау кезінде үлкен рөл атқарады. Ал ұл бала үшін әке дос, сырлас, қолдаушы бола алуы керек. Өз отбасынан қолдау көріп, махаббат, мейірімге шомылып өскен бала өз - өзіне сенімді, өз қалауларын анықтай алатын, басқаларын сыйлай алатын, өзін де сыйлата алатын жеке тұлға болып өседі.
Атақты адамдардың ең қатал әкелері. Ұлыбритания ханзадасы Георг VI өткен ғасырдың басында өмір сүрді. Ол кішкентайынан қатты тұтыққан, жиі ауырған, ата - анасының махаббатын көрмеген. Оның әкесі Георг V өте қатал болған. Мәселен, үйде тырнақтары қырандікіндей үлкен сүйікті тоты құсы болған. Отбасы таңғы ас ішкен уақытта кароль тоты құсты тордан шығарып еркін ұшырған. Ал құс ханзадалардың иықтарына барып қонғанды жақсы көріпті. Тотықұстың тырнақтары ханзадалардың иығына батып ауыртса да, ханзадаларға шағым айтуға тиым салынып, жігітше шыдау керек болды. Георг баланың шуын жек көргендіктен балалар ол барда тыныш, бір - бірімен сыбырласып сөйлесетін еді.
Ата - анасы үнемі үйде болмай, сыртта жүргендіктен балаларға бала бағушы қарайды. Ол Эдуардқа шыдамдылық танытса, тыныш, аурушаң Бертиді жек көрді. Ол ата - анасының мейіріміне, қолдауға зәру болып өсті.
Ал Чеховтың әкесі оны аямай ұратын, бұл оның өзіндік тәрбиелеу әдісі еді. 8 жасар бала таңғы бесте тұрып, дүкенді ашқан соң, есік аузында тұрып, тұтынушыларды шақыру керек болды. Содан соң ғана гимназияға оқуға баруға рұқсат етті. Оқудан соң кешқұрым және түнде дүкенді ұрылар мен бұзақылардан күзетті, ол үшін мақтау естудің орнына ұрыс естіп, таяқ жейтін. Дүкенге ұры түсіп ақша талап еткенде, ол ұрыға тойтарыс берді. Сол кезде әкесі баланы мақтап, сыйақы берді ме? Жоқ! Оған жын кірмесе, қалайша жас бала пышақ ұстаған үлкен жігітті жеңді деп, шіркеуге «жынын» қууға апарды. Қайта есі түзу шіркеуші кездесіп, фанатик әкені райынан қайырған. Чехов ұрыдан гөрі өз әкесінен қатты қорыққан. Осы қорқыныш ұрыға тойтарыс бергізді, егер ақшаны ұрлатып алса, әкесінен таяқ жейтін еді.
Суретші Брюллов бала күнінде аурушаң, әлсіз болғандықтан оны үнемі қыздырылған құмға отырғызып қойған. Бір күні әкесі бірдеңеге қатты ашуланып, баланың қасына жетіп келді де, жағынан қатты ұрғаны сонша, ол өмір бойына бір құлағы керең болып қалды.
Жазушы Александр Дюманың атасы қара нәсілді күңмен тұрған. Олардың төрт баласы болды. Әкесі балаларға жақсы қараған, әсіресе, үлкендері Александрға. Бірақ кейін қаржыдан тапшылық көрген соң, ол балаларын түгелімен сатып жіберген. Бірнеше жылдан соң, жағдай түзелген соң үлкені Александрды ғана саудаласып, қайта сатып алған. Біз мысалға келтірген ұлы тұлғалар әкенің қаталдығынан өле-өлгенше зардап шеккен. Адамның ішкі мені яғни түпсана компютер секілді. Туған күнінен бастап, жаңа программалар көшіре бастайды. Бұл үдеріс өлгенше жалғасады. Жастықта алған соққы баланың өміріне тікелей әсер етеді. Өйткені ойдағы қорқыныш батыл қадам жасауға кедергі. Сыналудан, ұрыс естуден қорқады.
Жапондарда балаңды жеті жасқа дейін патшадай көр, одан кейін құлыңдай көр, бозбала болғанда досыңдай көр деген ұғым бар. Ал біздің қазақта ұл баланы үнемі әке тәрбиелеген. Бұл қасқырдың бөлтірігін арланы баулитын секілді дүние. “Әке көрген оқ жонар” деген осы. Бүгін ажырасу көп болғандықтан, ұл бала ана тәрбиесін ғана көруде. Қоғамның мектептерге ер мұғәлімдерді көбейту керек деп дабыл қағуы осыдан.
Ақерке АЯНҚЫЗЫ