BANNER

БЕНЕДИКТУСТЫҢ БЕРІК ШЫНЫСЫ

Ашық дереккөз

Әлем бойынша автокөліктердің бір – бірімен соғылысуы жиі орын алатыны рас. Көп адамдар оның зардабын көруде. Әлем бойынша күніне бірнеше мың адам осы себепті көз жұмады, әр түрлі жарақаттар алып жатады. Егер бір кездері Эдуард Бенедиктус көліктің алдыңғы терезесіне қауіпсіз шыны ойлап таппағанда зардап шегушілер саны әлдеқайда көп болатын еді.

1903 жылы Бенедиктус кезекті экспериментін жасап жатқанда бір шыны құтыны сөреден абайсызда құлатып алады. Құты жерге құлағанда шашылып сынбайды. Тек шытынайды да, өз қалпын сақтап қалды. Бенедиктус құтының ішінде коллодия (нитрат целлюлозаның эфирлі – спирттік қоспасы) қалдығы тұрғанын есіне түсірді. Қоспа буланып ұшып кеткен де, құты қабырғасында көзге көрінбейтін нитрат целлюлозаның жұқа қабаты қалып қойыпты. Ол оны барлап қараған соң сөреге сақтап қояды.

Бір күні Бенедиктус газет оқып отырып, жол апаты жайлы дерек оқиды. Онда жолаушылар көліктің алдыңғы терезесінің шашырап сынған шынысынан зардап шеккендігі жазылған екен. Ол заманда көлік терезесі кәдімгі шыныдан жасалатын. Соққы болған кезде шыны мыңдаған ұзын – ұзын сынықтарға бөлініп, жүргізушілер мен жолаушыларды қатты жарақаттайтын еді.

Бұны оқыған Бенедиктустің есіне құласа да қалпын сақтап қалған шыны құты түседі. Ол ламинатталған шыныға бірнеше эксперимент жасап, ақыры екі шынының ортасында нитрат целлюлозадан қабаты бар «сэндвич» жасап шығарды. Бұл «сэндвичті» балғамен ұрса бірнеше сынықтарға бөлінбей, жай ғана шытынап, формасын ұстап қалады. 1909 жылы Бенедиктус өзі «триплекс» деп атаған қауіпсіз шыныны патенттеп алды.

Патент алған соң, ол автокөлік шығарушыларға өз өнімін қолдануды ұсынады. Алайда олар автокөлік арзан болғанын қалап бас тартады. Есесіне жаңа материалға әскерилер қызығушылық танытады. Бірінші дүние жүзілік соғысы кезінде одан противогаздарға шыны жасады. 1919 жылы Генри Форд триплексті өз көліктеріне қолдана бастады. Ал 10 – 15 жылдан соң басқа автокөлік шығарушылар да оған ілесті.

Қазіргі заманауи көліктерде орнатылған қауіпсіз шынылар Эдуард Бенедиктус ойлап тапқан шынының жетілдірілген түрі.

 

Ақерке АЯНҚЫЗЫ