BANNER

Биыл бес айда байланыс сапасына қатысты 11 мың шағым түсті – Олжас Бектенов

Сурет: ҚР Үкіметі

Премьер-министр Олжас Бектенов халықты сапалы байланыспен қамтамасыз ету мәселесі Үкімет алдына қойылған стратегиялық маңызы бар міндет екенін атап өтті, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі El.kz-ке сілтеме жасап.

Үкімет басшысы былтыр «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданғанын, осыны уақтылы іске асыру цифрлық даму министрлігінің міндеті екенін айтты.

«Барлық іс-шараларды орындау нәтижесінде 2027 жылға қарай елді мекендер мен жолдарды байланыс желілерімен қамту 100%-ға жетеді. Осы орайда тұрғындар жылдам, 100 Мбит/секундтан кем болмайтын интернетпен қамтамасыз етілуі керек. Республикалық және негізгі облыстық жолдарда сапалы ұялы байланыс пен мобильді интернет болуы тиіс», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр сапалы интернеттің барлық жерде кеңінен таралғаны туралы әзірге ауыз толтырып айта алмайтынын жеткізді.

«Жұртшылық бұл мәселеге үнемі шағымданып келеді. Тек былтырдың өзінде байланыс сапасына шамамен 21 мың шағым келіп түсті, биыл 5 айда мұндай шағымдар саны 11 мыңға жуықтады. Мәселе тек шалғай елді мекендерде интернеттің нашар болуында ғана емес. Қалаларда да мобильді байланыс пен интернет сигналының көңілден шықпауы байқалады», – деді Үкімет басшысы.