BANNER

Қарағанды облысында арнайы кокс шығаратын зауыт жобалық қуатын орындады

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысында арнайы кокс шығаратын жаңа зауыт өткен жылды сәтті аяқтады. Кәсіпорын жобалық қуатын орындап, 478 мың тонна өнім өндірді, бұл жоспардан жоғары.

Бұл туралы "Шұбаркөл Көмір" АҚ Корпоративтік коммуникациялар қызметі хабарлады.

"Зауытта шығарылатын арнайы кокс қалпына келтірушілердің импортына тәуелділікті едәуір төмендетуге және ERG өндіретін отандық феррохромдағы қазақстандық қамту үлесін арттыруға мүмкіндік береді", – делінген компания хабарламасында.

Кәсіпорынның сәтті іске қосылуы мен жобалық қуатқа шығуы – Қазақстан экономикасын әртараптандыру және көміртегі ресурстарын қайта өңдеу саласындағы мақсаттарды іске асыру жолындағы кезекті қадам екендігі атап өтілді.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысында арнайы кокс шығаратын зауыт 2023 жылы іске қосылған болатын. Инвестиция 60 млрд теңгені құрады. Қазіргі уақытта зауытта 180-нен астам адам жұмыс істейді.

Кәсіпорынның мәліметінше, көмір химиясына негізделген инновацияларды енгізу жалғасады. Қазір мұнда арнайы кокс, белсендірілген көмір, көмір шайыры мен май, сондай-ақ сұйық гумин тыңайтқыштары өндіріледі. Көмір шайыры мен көмір майын өндіру жоспарланған. Шұбаркөл разрезіндегі "Д" маркалы көмірі өндіріс үшін шикізат болмақ.

Қарағанды облысының әкімдігі