Қарағанды облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы әрі сапалы білім беру ортасын қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Жыл соңына дейін Бұқар жырау ауданында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылады деп жоспарланған. 2026 жылы Теміртауда аутизмі бар балаларды қолдау орталығы іске қосылады, ал Қарағандыда ақыл-ой дамуында ауытқуы бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернат ашылмақ. Бұл туралы педагогтердің дәстүрлі тамыз конференциясында айтылды.
– Қазіргі таңда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 85 пайызы психологиялық-педагогикалық қолдау мен ерте түзету қызметтерімен қамтылған. Қамтуды одан әрі кеңейту үшін арнайы білім беру ұйымдарының санын арттыру бағытында жұмыс жүргізілуде, – деді облыстық білім басқармасының міндетін атқарушы Мейіржан Сыздықов.
Жаңа оқу жылында Қарағанды қаласындағы №4 мектеп-интернатта ақыл-ойының дамуы жеңіл және орташа деңгейде бұзылған балаларға арналған төрт арнайы сынып ашылады. Дәл осындай сыныптар №1 арнайы мектеп-интернатта да жұмыс істейді.
2026 жылы Қарағандыда ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған он бірінші арнайы мектеп-интернаттың ашылуы жоспарланған.
Бүгінде облыста жыл сайын шамамен 400 балаға көмек көрсететін Аутизм орталығы жұмыс істейді. Алайда өңірде осындай тағы бір орталық ашу қажеттілігі туындап отыр.
– Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қолжетімді әрі сапалы білім беру ортасын құру – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Биылғы жылдың соңына дейін барлық білім беру ұйымдарында мүмкіндігі шектеулі балаларды қажетті жағдайлармен толық қамтамасыз етуді тапсырамын. Сондай-ақ, 2026 жылы Теміртауда аутизмі бар балаларға қолдау көрсету орталығын және Қарағандыда ақыл-ой дамуында ауытқуы бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернат ашу қажет. Бұдан бөлек, Бухар-Жырау ауданының әкімдігіне білім басқармасымен бірлесіп осы жылдың қарашасына дейін психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін іске қосуды жүктеймін. Келер жылы осындай шаралар өңірдің барлық аумағында жүзеге асырылуы тиіс, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Биылғы қыркүйектен бастап облыстағы барлық арнайы мектеп-интернаттарға ресурстық орталық мәртебесі беріледі. Егер қазір инклюзияны қолдау бағытында небәрі екі облыстық ресурстық орталық жұмыс істеп тұрса, күзге қарай олардың саны он екіге жетпек.
Дереккөз: Gov.kz