Жиырма жасар қарағандылық Арыстан Әбілдин "Ты одна" авторлық әні үшін "Алтын диск" алды. Жас музыкант бұл туындыны сүйіктісіне арнаған.
Арыстан Әбілдин жастар арасында Colorit бүркеншік атымен танымал. Қазір жігіт Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының екінші курсында оқиды.
– Менің репертуарымда барлығы 15 авторлық ән бар, оныңтәні мен сөзін өзім шығарамын, – дейді Арыстан. – "Алтын дискті" маған әнді миллиондап жүктегені және тректі көп тыңдағаны үшін берді. Бұл музыкалық альбомдардың немесе синглдердің керемет сатылымы мен жетістіктері үшін музыкалық әртістер мен топтарға берілетін сыйлық. Бұл дыбыс жазу индустриясында зор жетістікті білдіреді.
Арыстан өнерлі отбасында дүниеге келген. Оның анасы дирижер, ал әкесі музыка мектебін басқарған. Жас музыкант бірнеше музыкалық аспаптарда ойнайды, ән айтады және шоу-индустрияның әртүрлі бағыттарында өзін сынап көрген. 2022 жылы Slava Marlow & Morgenshtern "Быстрр" хитіне жазған кавер 45 миллион рет тыңдалды, ол үшін "қос платина дискісін" алды.
– Мен әлемдік сахнаны бағындырып, тыңдаушыларға қазақ әуендері мен әндерінің дыбысын африкалық ұрмалы аспаптардың көмегімен жеткізуді армандаймын. Атап айтқанда, маримбаның дыбысы ұнайды, – дейді музыкант. – Қазақстандық орындаушылар арасында Димаш Құдайберген маған рухани құндылықтарымен жақын. Маған оның қарапайымдылығы, ақылдылығы ұнайды. M ' Dee, Игорь Крутой, Бруно Марс және The Weeknd шығармашылығы да жақын.
"Алтын диск" Colorit-тің биылғы жалғыз жеңісі емес. Жақында ол TikTok платформасында ТМД елдерінің атынан байқауға қатысты. Ол ұлы Абайдың "Көзімнің қарасы" әнімен "Тым болмағанда жай ғана күлімсіре" трекіне бейне баян түсіріп, бірінші орынға ие болды.