BANNER

Қазақстан мектептерінде жыныстық тәрбие бойынша жаңа пән енгізу ұсынылды

Фото: yandex.kz

Сенат депутаты Қазақстан мектептерінде жыныстық тәрбие сабақтарын енгізуді ұсынды, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Сенат депутаты Айгүл Арғынбекова Қазақстандағы барлық мектеп пен колледждердің оқу бағдарламасына репродуктивті денсаулық сабақтарын енгізуді ұсынды. Депутат елімізде жасөспірімдердің жыныстық тәрбиесіне қатысты жүйелі көзқарастың әлі қалыптаспағанын атап өтті.

"Біздің мектептерде репродуктивті денсаулық мәселелерін жан-жақты қамтитын арнайы пән жоқ. Бұрын валеология курсы болған, бірақ ол факультатив ретінде оқытылды және оның мазмұны көбіне мұғалімнің өзіне байланысты болды. Көптеген педагогтер қандай тақырыптарды қозғау маңызды екенін білмеді", — деді Арғынбекова.

Сенатордың пікірінше, балалардың жас ерекшеліктері мен психологиялық сипаттарын ескере отырып, жыныстық тәрбиені оқытудың нақты әдістемесін әзірлеу қажет.

 

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мектептерде жасөспірімдерге арналған жыныстық ағарту бойынша жеке пән енгізу туралы ұсынысқа пікір білдірді.

"Мектептердің оқу бағдарламасында жыныстық ағарту аясында жыныстық тәрбие, сондай-ақ репродуктивті денсаулық пен гигиена мәселелері қарастырылған. Балаларды бұл тақырыпта тәрбиелік жұмыс арқылы да ақпараттандырамыз. Барлық мектепте бірыңғай тәрбие бағдарламасы бар. Оның шеңберінде де жасөспірімдерге жыныстық тәрбие беріледі.

Дегенмен біз жыныстық ағартумен кәсіби мамандар айналысуы керек деп санаймыз. Мұндай мамандар жастар денсаулығы орталықтарында жұмыс істейді. Біз оларды мектептерге шақырып, жасөспірімдермен жұмыс жүргізуді ұсынамыз", – деді Еділ Оспан.