BANNER

Мұхтар Мағауиннің АҚШ-тағы үйі мұражайға айналады

Фото: qaz365.kz

Қазақ әдебиеті мен тарихында өшпес із қалдырған Мұхтар Мағауиннің Силвер-Спринг қаласындағы үйі алдағы 3 жылда рухани орталыққа айналмақ. Бұл бастаманы жазушының туған күніне орай ұйымдастырылған жиында оның ұлы Едіге Мағауин жариялады, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Жазушының мұрасын дәріптеу мақсатында құрылатын орталық қазақ мәдениеті мен тарихын шет елде насихаттауға бағытталады.

"Бұл жер болашақта қазақтардың бас қосатын, тамырын танитын, болашағын меңзейтін мәдени-ағарту орталығы болуы керек. Қазақ тілі курстарын ұйымдастыру, түрлі мәдени шаралар өткізу жоспарда бар. Әкемнің жаны сүйген бұл үй енді қазақ руханиятының орталығы ретінде қызмет етеді деп сенемін", – деді қаламгердің ұлы Едіге Мағауин.

Орталықта Мұхтар Мағауиннің жазбалары, күнделіктері, жеке кітапханасында сақталған мұрағаттар жұртшылыққа қолжетімді болады. Жоба аясында:

  • Қазақ тілі курстары,
  • Әдеби кештер мен конференциялар,
  • Тарихи-мәдени зерттеулер,
  • Қазақ өнері мен дәстүрін дәріптейтін шаралар ұйымдастырылмақ.