BANNER

Президент сайлауына үміткерлерді ұсыну 23 қыркүйекте басталады

ашық дереккөз

Орталық сайлау комиссиясы 20 қарашаға белгіленген Президент сайлауына дайындықтың күнтізбелік жоспарын бекітті.

Белгілі болғандай, президенттікке кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйекте басталып, 11 қазанда сағат 18:00-де аяқталады.

Президенттiкке кандидаттың қойылатын талаптарға сәйкестiгiн анықтау үшін кандидатты ұсыну туралы республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы отырысының хаттамасы беріледі. Оған кандидаттың сайлауға қатысуға келісімі туралы мәлімдемесі де қажет етіледі.

«Қол қою парақтары кандидаттың Конституция талаптарына сәйкестігі анықталғаннан кейін бес күн ішінде беріледі. Әрбір кандидатты қолдау үшін 118 273 сайлаушының жарамды қолы жиналуы тиіс. Президенттiкке кандидаттарды қолдау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемiнде 2/3-iнiң өкiлдiгiн құрайтын сайлаушыларының қолы арқылы расталуға тиiс», - деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.