Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша істегі жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбақова Бишімбаев пен Байжановтың үкіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Ол сондай-ақ бұл іс өзі үшін эмоциялық жағынан ауыр болғанын айтты.
"Бишімбаевтың да, Байжановтың да үкімі әділ шығарылды. Бірақ бұл істе жеңімпаз жоқ. Үкім қандай болса да, енді ешкім Салтанатты отбасына қайтара алмайды. Эмоционалдық тұрғыдан ауыр болды. Жас, сұлу әйелдің өмірін біреудің қиғаны маған әйел ретінде ауыр тиді. Салтанат қаншама адамның ортасында болса да, оған ешкім қол ұшын созбады. Бәрінен де мені осы қатыгездік қорқытты. Қатыгездік, қылмысқа көз жұма қарау – оған қатысу деген сөз. Байжановтың үкімі қоғамға сабақ болуы керек. Немқұрайдылық адам өліміне әкеп соғады. Сол үшін немқұрайды болмаңыздар! Менің ойымша, төрт жыл – әділ үкім. Ол Салтанат қандай жағдайда екенін біліп тұрып, ештеңе жасаған жоқ. Онымен қоймай қылмыстың ізін жоюға атсалысты", - деді Оразбақова.
Сондай-ақ қорғаушы "Бишімбаев апелляциялық шағым түсірсе, үкім өзгеруі мүмкін бе?" деген сұраққа жауап берді.
"Бұл – оның құқығы. Алгортим бойынша үкім заңды күшіне енгеннен кейін 15 тәулік ішінде апелляциялық шағым түсіре алады. Одан кейінгісін көре жатармыз", - деді ол.
Жанна Оразбақова Бишімбаевтың көзінен үрейді көргенін айтты.
"Үкімді оқып жатқан кезде Бишімбаевтың жүзіне қарадым. Оның көзінен үрейді көрдім. Бірнәрсе деп күбірледі. Менің ойымша, дұға оқыған сияқты", - деді ол.