Каспий құбыр желісі консорциумындағы апат экспорттайтын мұнай көлеміне де, сәйкесінше бюджеттік түсімге әсер етпеуі керек. Энергетика министрі Болат Ақшолақов осылай деді. Шенеунік күрт көтерілген мұнай бағасын алға тартып, тұралап қалған экспорттың орнын толтырады деп сеніп отыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
- Бүгінгі таңда мұнай бағасы жоғары, тіпті өте жоғары. Баррелі 120 доллардан асты. Осы жылдың бюджеті мұнайдың баррелі 60 доллардан сатылады деген болжаммен есептелген. Сондықтан бюджетке түсім тұрғысынан еш қауіп-қатер көрмеймін.
Алайда министр Ақшолақов солтүстіктегі көршімізде болған апаттың салдарынан Қазақстандағы мұнай өндірісі азаятынын мойындады. Сарапшылар бұған себеп: елде тиісті қоймалар жоқ дейді.
Өйткені бұған дейін Қазақстан өзі өндірген қара алтын көлемінің үштен екісін дәл осы Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы экспорттап келді. Енді министрлік шет елге мұнай шығарудың балама амалдарын қарастырып жатыр.
22 наурызда мың жарым шақырымдық Каспий құбыр желісі консорциумының Ресейдің Новороссийск маңы арқылы өтетін екі бірдей бөлігі істен шықты. Апатқа екпіні секундына 35 метрге дейін жететін дауыл себеп болған. Ал жөндеу жұмысы бір жарым, екі айға дейін созылуы мүмкін.
Николай Горбань, Каспий құбыр желісі консорциумы АҚ бас директоры:
- Өкінішке қарай үлкен мәселе туындағанын мойындауға мәжбүрміз. Серіктестеріміздің тарапынан әділетсіздік болды. Қазір бізге барлық типтегі шлангтарды жеткізуден бас тартып отыр. Гидрокомпенсаторлар да әкелінбеді. Өздеріңіз білетіндей, бұл айлақ құрылғысы үшін өте маңызды бөлшек. Топсаларға арналған қосалқы бөлшектер де жеткізілмеді. Яғни жұмыс жүруі үшін ешқандай қажет бөлшек жоқ.