Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев қазақстандық түлектер арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтарды атады, деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі Sputnik Қазақстан сайтын сілтеме жасай отырып.
Оның айтуынша, техникалық мамандықтар арасында ең танымалы – ІТ бағыты. Екінші орында – тіс дәрігері мамандығы. Ал үшінші орында педагогикалық мамандықтар тұр.
"Бейінді пәндердің қорытындысы бойынша талапкерлердің 27%-і техникалық мамандықтарға түсу үшін физика-математика комбинациясын тапсырған. Техникалық мамандықтар арасында ең беделдісі – ІТ. Екінші орында 18%-і – химия-биология. Бұл жерде стоматология ең көп сұранысқа ие. Үшінші орында – педагогикалық мамандықтар", - деді Емелбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетері, биыл республикада ҰБТ бойынша орташа балл 66 ұпайды құрады. Ең жоғары балл – 139. Үш мыңнан астам талапкер 120 балдан жоғары жинаған.
ҰБТ қорытындысы бойынша талапкерлердің 67%-і шекті балл жинады. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 7%-ке жоғары. Түлектердің 51 мыңға жуығы, яғни 33%-і шекті балл жинай алмаған.