BANNER

Л.Қожахметова: Жылына 7 отбасыға баспана алып береміз

орталық коммуникациялар қызметі

5-қыркүйек дүниежүзілік Қайырымдылық күні мерекесі. Осыған орай, Қарағанды облысындағы «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығы мен Ана-Мама қоғамдық қорының жетекшілері журналистермен кездесіп, жұмыс барысымен таныстырды. Қарағанды облысында 6000 көпбалалы отбасы бар. Оның 2000-ға жуығы «Күміс» және «Алтын алқа» иегерлері. Олардың әлеуметтік, психологиялық жағдайын реттеп отыруда қоғамдық қорлар мен орталықтардың маңызы зор.

«Шаңырақ» орталығы 2021 жылы 19 сәуірде Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік-мемлекеттік тапсырысы негізінде ашылған.  Орталықтың мақсаты – көпбалалы отбасыларға көмек көрсету, жаңа мамандық меңгеруге бағытталған оқыту курстарын өткізіп, біліктілікті арттыру, психологиялық, әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық, медициналық көмек көрсету. Орталық директоры – Ләззат Қожахметова 1,5 жыл ішінде жасаған жұмыстары мен жетістіктер туралы баяндады.

««Шаңырақ» орталығының мұрындық болуымен 7 отбасы баспаналы болды. Жылда демеушілердің көмегімен 7 көпбалалы жанұяға үй алып береміз деген жоспар бар. Бізге республикалық «Асар-уме» қайырымықдылық қоры да қолдау көрсетеді. Бірнеше қызметкеріміз аталмыш ұйымда волонтер. Біз аналарды қолдау мақсатында тегін шаш сәндеу, мейкап, кондитерлік өнімдер дайындау,  салқын тағамдар, салаттар мен шұжық әзірлеп үйрететін, тігін курстарын жыл сайын өткіземіз. Бұл үйде отырған аналарға үлкен көмек. Балалар күніне орай 80 мүгедек балаға сыйлық таратып,  аквагрим, аниматорлар жалдап, балмұздақ таратып қуанттық. Жыл сайын тұрмысы төмен отбасылардың балаларын тегін сүндеттейтін акция ұйымдастырдық. Осы уақытқа дейін 90 бала мұсылман болды», – дейді орталық директоры.

Сондай-ақ, «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығы «Мектепке жол» акциясы аясында 1200 балаға кеңсе тауарын алып беру үшін демеушілерге ұсынды. Ай соңына дейін барлығы құрал-жабдықтармен қамтылады. Биыл 500 отбасына гуманитарлық көмек көрсетілді.  100 балаға ағылшын тілін үйрететін кітап сыйлап, тағы 100 балаға хоккейге тегін билет таратты. «Шаңырақ» орталығы елдегі, облыстағы барлық қайырымдылық қорларымен, кәсіпкерлермен, қауымдастықтармен әріптестік байланыс орнатып, жұмыс жасайды. Қор серіктестері:

Облыс әкімдігі, облыстық кәсіпкерлер басқармасы.облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Қарағанды қаласы әкімдігі, Қарақат студиясы, облыстық Кәсіпкер әйелдер ассоциациясы, Amanat партиясы, Қарағанды гуманитарлық колледжі, Қарағанды Жоғары политехникалық колледжі, Қарағанды экономика университеті, Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Қазақстан халқы Ассамблеясы Қарағанды облысындағы филиалы, Этномәдени бірлестіктер, Отбасы банк, «Сарыарқа» медиахолдингі, 102 мектеп-гимназиясы, «Ана-мама» қоры, «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігі, «Шахтер» стадионы, 3, 5 –автопарктер, «Көктем» қоғамдық қоры, Ипотека орталықтары және қаладағы бірқатар мейрамханалар мен сән салондары.

Әзірге «Шаңырақ» орталығының Қарағанды қаласынан бөлек Қарқаралы және Шет аудандарында филиалдары бар. Болашақта барлық өңірді қамту жоспарланған.

««Күш–бірлікте» екенін 2020 жылы пандемия кезінде жақсы түсіндік. Халықты халық алып шықты. Науқастарға дем жетпей, шетінен қайтыс болып жатқанда біз бастама көтеріп, облыстан шыққан ақындар, жұлдыздар мен қоғам қайраткерлерінен жылу жинап 300 ауа концентраторын сатып алып, тапшылық бар өңірлерге жолдадық. Сондай-ақ, күн-түн демей шапқылап жүрген жедел-жәрдем қызметкерлеріне ас-суын дайындадық. «Жұмыла көтерген жүктің жеңілдігін» сол сәтте түсіндік», – дейді «Ана-Мама» қоғамдық қорының негізін қалаушылардың бірі Марат Түсіпов.

Аталмыш қор 2014 жылдан бері қайырымдылықпен айналысады. Қала бойынша «Ана-Маманың» мұрындық болуымен екі тегін дүкен жұмыс жасайды. Дәлірек айтқанда, мұқтаж жандарға киім-кешек береді. Мекен-жайы:

  1. Бала қажы мешіті
  2. «Шығыс» базарындағы 21-ші бутик

Күні кеше Қостанай облысындағы апаттан зардап шеккен тұрғындарға да гуманитарлық көмек жинап, жөнелтті.

 

Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов: «Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті», – деген еді. Бірлігіміз бекем болғай!