Қарағанды облысының өрт сөндірушілері өткен тәуліктен бері Шет ауданындағы табиғи апатпен күресіп жатыр, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігінің тілшісі облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
«5 қыркүйек күні сағат 09:28-де Шет ауданының Қызылтау ауылдық округінде, Қызылтау ауылынан оңтүстікке қарай 15 километр жерде алдын ала болжам бойынша 300 га алаңда құрғақ шөп өртенді. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің 7 қызметкері мен 2 техникасы және ерікті жасақтар құрамындағы 40 жұмысшы және 17 техника жұмылдырылды», – деп хабарлады Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, құтқарушылар Қарағанды маңындағы Саран тасжолы бойында құрғақ шөптен тұтанған отты сөндірді.
«Құрғақ ауа райы мен қатты жел жалынды сөндіруге кедергі келтірді. Жалын 17:57-де ауыздықталды. Өртті жоюға Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің 40 адамы мен 11 техникасы және "ТазалыкЭксперт" ЖШС тартылды»,– деп хабарлады ведомстводан.