Қарағанды облысында өрт шықты

ашық дереккөз

Қарағанды облысының өрт сөндірушілері өткен тәуліктен бері Шет ауданындағы табиғи апатпен күресіп жатыр, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігінің тілшісі облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

«5 қыркүйек күні сағат 09:28-де Шет ауданының Қызылтау ауылдық округінде, Қызылтау ауылынан оңтүстікке қарай 15 километр жерде алдын ала болжам бойынша 300 га алаңда құрғақ шөп өртенді. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің 7 қызметкері мен 2 техникасы және ерікті жасақтар құрамындағы 40 жұмысшы және 17 техника жұмылдырылды», – деп хабарлады Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, құтқарушылар Қарағанды маңындағы Саран тасжолы бойында құрғақ шөптен тұтанған отты сөндірді.

«Құрғақ ауа райы мен қатты жел жалынды сөндіруге кедергі келтірді. Жалын 17:57-де ауыздықталды. Өртті жоюға Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің 40 адамы мен 11 техникасы және "ТазалыкЭксперт" ЖШС тартылды», деп хабарлады ведомстводан.