Үндістандық әйел 13 жасар ұлының сыныптасын жақсы оқығаны үшін улап өлтірді, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі. Оған марқұмның баласынан озып кеткені ұнамапты. Іші тар ана ұлының бәсекелесінен құтылудың жалғыз жолы – өлім деп шешеді.
Безбүйрек әйел мектепке келіп, өзін озат оқушының анасымын деп таныстырады. Қолындағы у қосылған сусынды «балама бере салыңызшы» деп кетіп қалады. Бала еш күмәнсіз бөтелкедегі суды ішіп алған. Сәлден кейін жағдайы нашарлап. жүрегі айнып, іші ауырады.
Ата-анасы оны клиникаға жатқызып, медициналық көмек алды. Баланың беті бері қараған соң үйіне қайтқан. Алайда таңға жуық науқастың жағдайы бұрынғыдан бетер ушыға түсті. Оны екінші мәрте ауруханаға жіберген. Бұл жолы бала үйіне қайтпады. Удың салдарынан қайтыс болған.
Істі Полиция бөлімшесі қолға алды. Анықталғандай, бала анасына сусын туралы айтқан. Алайда әйел ешқандай бөтелке алып бармадым деген. Мектептегі қызметкерлерден сұрақ-жауап алған полицейлер қаскөйдің кім екенін білді. Жауыз өз қылмысын мойындап, тәтті сусынға у қосқанын айтты.