Телефон алаяқтарымен күресу үшін нөмір сатып алу кезінде биометриялық сәйкестендіру енгізіледі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі.
"Біз ұялы телефонды тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіруді енгіземіз. Әйтпесе қазір бір адамның атына бәлен нөмір рәсімделеді, олар шетелге шығарылады. Сол арқылы алаяқтар арам ойларын жүзеге асыра бастайды. Мұның алдын алу үшін біз нормативтік-құқықтық құжаттарға қажетті өзгерістер енгізіп жатырмыз. Техникалық тұрғыдан дайынбыз", - деді Мусин үкімет кулуарында.
Министрдің айтуынша, одан кейін мыңдаған нөмірлерді сатып алып, өзіне рәсімдейтіндердің саны азаяды.
"Егер бұл нөмірлер арқылы алаяқтық жасалса, онда оның иелері жауапқа тартылады. Әйтпесе қазір олар біз білген жоқпыз деп ақталады. Ал биометриялық сәйкестендіру кезінде адам нөмірді сатып аларда бұл шынымен де өз нөмірі екенін растайды", - деп түсіндірді Мусин.
Ол бұл норма тек жаңа нөмірлерге ғана емес, ескі нөмірлерге де енгізілетінін атап өтті.